Жобаны басқарудағы ең көп таралған мәселелердің бірі - жобаның сәтті болғанын анықтау.
Дәстүрлі түрде уақыт, бюджет, мазмұн және сапа сияқты жобаны басқару көрсеткіштері жобаның сәттілігін анықтаудың ең маңызды факторлары болып саналады. Ақырында, практик-мамандар мен зерттеушілер жобаның сәттілігі тек аталып кеткен факторлар тұрғысынан емес, сонымен қатар жобаның көздеген мақсаттарына қол жеткізу тұрғысынан да өлшенуі керек деген қорытындыға келді. Сонымен бірге, қазіргі таңда, жобалардың сәттілігі клиенттің ақырғы, ортақ нәтижемен риза болуымен де өлшенуі тиіс. Өйткені, жобада жоспарланған нәрсенің барлығы толықтай орындалғанымен, клиенттің ризашылығын ала алмаса, онда бұндай жобаны сәтті деп айтуға келмейді.
Жобадағы мүдделі тараптардың арасында жобаның сәттілігінің ең маңызды факторлары мен көрсеткіштеріне қатысты әртүрлі пікірлері болуы мүмкін. Бұндай жағдайда нақты анықтауға және өлшеуге келетін мақсаттарды таңдау өте маңызды. Осы орайда, жоба командасы жобаның сәттілігіне қол жеткізу үшін мүдделі тараптармен белсенді байланыс орната білуі қажет.
Осы жерде мүдделі тараптар мен жоба менеджері жауап беруі тиіс негізгі үш сұрақ бар:
Бұл жобаның сәтті аяқталғаны қалай сипатталады?
Сәттілігі қалай өлшенеді?
Сәттілігіне қандай факторлар әсер етуі мүмкін?
Бұл сұрақтардың жауабын негізгі мүдделі тараптар мен жоба менеджері өзара анықтап, келісіп, құжаттауы қажет.
Жобаның сәттілігі ұйымның стратегиясы мен бизнес нәтижелеріне қол жеткізуіне қатысты қосымша критерийлерді қамтуы мүмкін. Жобаның бұл мақсаттары басқалармен қатар мыналарды қамтуы мүмкін:
- көзделген қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізу (оның ішінде инвестицияның өтелімділігі, инвестицияның өтелу мерзімі, пайда-шығын қатынасы және т.б.)
- қаржылық емес көрсеткіштерге қол жеткізу (мысалға, жобаның нәтижесінде брендтің танымалдылығы)
- ұйымның стратегияларын, мақсаттары мен міндеттерін орындау
- келісім-шарттың талаптары мен шарттарын орындау
- клиенттің алған нәтижеге ризашылығы
- және басқа да келісілген көрсеткіштерге немесе табыс критерийлеріне қол жеткізу.
Бизнестің жобамен үйлесімділігі тұрақты болған кезде, жобаның сәтті болу мүмкіндігі айтарлықтай артады. Себебі, жоба ұйымның стратегиялық бағытына сәйкес келеді. Кері жағдайда, жобаның сәтті аяқталуы екіталай.
Жобаны басқару саласында мазмұн/уақыт/бюджет концептісін қысқаша «Triple Constraint» яғни «Үштік шектеу» деп атайды. Бұл бір-бірімен өзара тығыз байланысты факторлардың комплексі ретінде қарастырылады. Себебі, жобаны орындау барысында осы үштіктің біріне енгізілген өзгерістер міндетті түрде қалған факторларға әсер етпей қоймайды. Әрине, бұл жерде сапа факторын да естен шығармаған жөн.
Жоба мазмұн/кесте/бюджет тұрғысынан сәтті болуы мүмкін, алайда бизнес тұрғысынан алғанда сәтсіз болып есептелуі мүмкін. Бұл көбінесе жоба аяқталмастан бұрын бизнестің қажеттіліктері немесе нарық ахуалында өзгерістер туындаған жағдайда орын алуы мүмкін.