Жоба менеджері (Project manager, Менеджер проекта) – кез келген жобаның бастапқы кезеңінен ақырғы нәтижесіне дейін толықтай жауапты тұлға.
Жоба менеджері:
- ұйымның ресурстарын қолдануға ресми түрде уәкілетті;
- жобаны толықтай басқарушы;
- жобаның бюджетін қолдануға уәкілетті;
- жобаға қатысты маңызды шешімдерді қабылдауға жауапты.
Жоба менеджерінің уәкілеттілігі мен күш-қуаты әрбір ұйымның басқарылатын ерекшелігіне қарай әртүрлі болуы мүмкін. Бұл жерде айтып тұрғанымыз, егер ұйым функционалдық менеджментке сүйенген болса, яғни әртүрлі департаменттерден тұратын болса және сол департаменттердің өз басшылары болса, ондай ұйымдарда жоба менеджерінің уәкілеттілігі төмен немесе тіпті уақытша позиция болуы да мүмкін. Ал егер ұйым жобаға негізделген болса, онда жоба менеджерінің билігі айтарлықтай жоғары болады.
Мұндай ұйымдарда жоба менеджері шешімдерді қабылдауда толық күш-қуатқа ие. Ал матрицалық ұйымның жағдайында гибридті көрініс алуы мүмкін. Яғни, мұндай ұйымдарда бөлім басшылары да, жоба менеджерлері де адами және материалды ресуртарға құқылы болады. Алайда, бұндай жағдайда бөлім басшылары мен жоба менеджерлері арасында осы ресуртарға талас орын алуы мүмкін. Бұл өз кезегінде кейбір түсініспеушіліктерге әкелуі мүмкін деген сөз.
Тағы атап кететін жайт, кейбір ұйымдарда жоба менеджерінің орнына жоба координаторы деген позицияны қолданады. Алайда жоба менеджерімен салыстырғанда, координатордың уәкілеттілігі әлді-қайда әлсіз болып келеді.
Көп жағдайда, жоба менеджерін оркестрдің дирижерімен салыстырып жатады. Дирижер концертте сан алуан аспаптармен ойнайтын ондаған, тіпті жүзге дейін музыканттарды басқарады. Соныңда, осы үйлесімдік арқасында керемет әуендер орындалады.
Сол секілді жоба менеджері де әртүрлі топқа жіктелген, өзінің атқаратын жауапкершілігі бар ортақ жоба командасын дұрыс және тиімді басқару арқылы керекті нәтижелерге қол жеткізе алады. Дирижер да, жоба менеджері де ортақ командалық нәтижеге, өндірілетін өнімге немесе қызмет түріне жауапты болып табылады.
Сонымен қатар ескеріп кететін жайт, дирижер да, жоба менеджері де барлық аспапта ойнауға немесе барлық функцияларды орындауға міндетті емес. Ол үшін жоба командасы қажет. Дегенмен, концертті де, жобаны да басқару үшін олардың әрқайсысы жан-жақты тиісті техникалық білімге, дағдыларға және тәжірибеге ие болулары керек.
Бұл жерде төмендегі нәрселерді атап кеткеніміз жөн. Кез келген жобада көзделген мақсаттарға қол жеткізу және сәтті аяқтау үшін Жоба менеджері үш маңызды дағдылар тобына ие болуы қажет.
Олар:
- Техникалық жобаны басқару. Яғни, жобаны басқарудың нақты саласына қатысты білім, дағдылар және мінез-құлық. Берілген рөлді орындаудың техникалық аспектілеріне ие болу;
- Көшбасшылық (Лидер болу). Ұйымның бизнес мақсаттарына жетуіне көмектесу үшін топты басқару, ынталандыру және басқаруға қажетті білім, дағды және мінез-құлық иесі болу.
- Стратегиялық менеджмент және бизнесті басқару. Кез келген өнеркәсіп саласындағы және ұйымдағы өнімділікті жақсартатын және бизнестің жақсы нәтижелеріне жетелейтін білім, кәсіби біліктілік және тәжірибеге ие болу.
Яғни, максималды нәтижеге жету үшін жоба менеджері осы үш топтың барлық дағдыларының белгілі бір бөлігіне ие болғаны жөн.
Көріп тұрғаныңыздай, жоба менеджері жобаны және жоба командасын басқарып қана қоймай көшбасшылық қасиетке де ие болуы керек. Көп жағдайда, басқару мен көшбасшылық дегенді бір түсінік ретінде қарастыратырып жатады. Алайда олай емес. Осы жерде бұл түсініктердің айырмашылығын түсіну үшін төмендегі кестені бір шолып өтсеңіз:
Басқару (Менеджер) | Көшбасшылық (Лидер) |
---|---|
Ресми өкілеттіктерін пайдалана отырып басқарады | Ресми өкілеттіктерін пайдалана отырып бағыттайды, ықпал етеді және ынтымақтасады |
Жетелейді | Әзірлеумен айналысады |
Әкімшілік жүргізеді | Инновациямен айналысады |
Жүйе мен құрылымға негізделеді | Адамдармен қарым-қатынасқа негізделеді |
Бақылауға негізделеді | Сенімді ара-қатынас орнатады |
Қысқа мерзімді мақсаттарға фокус қояды | Ұзақ мерзімді мақсаттарға фокус қояды |
Қашан және қалай дегенді анықтайды | Не және не үшін дегенді анықтайды |
Нәтижелерге негізделеді | Жақын болашаққа назар аударады |
Шешімдерді дұрыс орындауға тырысады | Дұрыс шешімдер қабылдауға тырысады |
Операциялық мәселелер мен проблемалардың шешіміне назар аударады | Көзқарасқа, мәмілеге келуге, мотивация мен шабыт беруге бағытталады |
Зерттеулер көрсеткендей, ең табысты жоба менеджерлері фундаменталды дағдыларды дәйекті және тиімді пайдаланады екен. Зерттеулерге қарағанда, барлық жоба менеджерлерінің ішіндегі ең мықты 2%-ның басты ерекшеліктері, олардың жетекшілері мен команда мүшелері хабарлағандай, жақсы қарым-қатынас құру дағдылары мен позитивті ұстанымды қолдана білуде. Демек, эффективті жоба менеджері болам десеңіз, жоғарыда аталып кеткен арнайы білімдер мен дағдылардан бөлек, өзгелермен дұрыс коммуникация құру мен позитивті ұстанымға ие болуға ұмтылыңыз!